— Қай кезден бері әнді жаныңызға серік етіп келесіз…
— 2005 жылдан бері ән жазумен айналыса бастадым. Бірақ екі жылға дейін үлкен сахнада көріне қойған жоқпын. «Ақ маржан» жарыққа шыққаннан кейін басқа әндеріме де жол ашылды десем болады. Әзірге қоржынымда 35-40 қа таяу туындылар бар. Оның ішінде «Ақ маржан», «Көгершін», «Жаным», «Немерем», «Балапан бақыт», «Саған гүлім», «Нар тәуекел», «Биле, еркешім», «Кім ойлаған» көпшіліктің құлағына сіңіп үлгерді.
— Демек, сіздің ел алдына шығып, өнер көрсетіп жүргеніңізге көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан, шығармашылық есеп бергелі жатыр екенсіз. Тым асығыстық емес пе?
— Иә, қазір концерт жақындаған сайын толқып, қорқып әрі уайымдап жүрмін. Өнер жолы – ұзақ жол. Бұл талай майталмандар өнер көрсеткен, соларды елге әйгілі еткен киелі орын. Сондай сахнаға қалай болса солай, жайбарақат шыға салу мүмкін емес. Үлкен сахнаға шыққалы 3-4 жылдың ғана көлемі болды. Өнерге деген қадамым алғаш «Шаншар» әзіл-сықақ театрынан басталған еді. Содан бері Құдайға шүкір, Қазақстанның түкпір-түкпірінен сұраныстар түсіп, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Жиын-тойға барғандар «сенің әніңе биледік» деп айтып келеді. Соған қарағанда, ерте де, кеш те емес, темірдің нағыз қызған уақыты сияқты. Халыққа ұсынар репертуарым сақадай-сай. Жаңа әндер жазылды. Менің әндерім мен менің орындауымдағы шығармалар орындалады. Кеш барысында өнер көрсететін өзге әншілердің барлығы бірдей атақты, танымал емес. Ақбота Керімбекова, Еркін Нұржановтан басқалары өз ауылымның бұрын-соңды жұрт көзіне түсе қоймаған жас таланттары. Бірақ олардың да ертең топ жаратынына сенемін.
— Соңғы жылдары «Ақ маржансыз» жиын-той өтпейді. Ән кімге арналған?
— Бұл әннің аса тарихы жоқ. Өлеңін жазған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Баян Бекетова. Ақынның жыр жинағын оқып отырғанымда, осы өлең жолдары қатты ұнады. Кейбіреулер «Ақмаржан деген қызыңыз болып па еді немесе келіншегіңіздің аты ма?» деп сұрайды. Болмаса Қызылордаға барсам, «ақмаржан» деген күрішке арналған ба» дейді. Жоқ, бұның ешқайсысы да емес. Ешкімге де қатысы жоқ. Бар болғаны өзіме ұнаған өлең. Әрине, мені танытқан осы ән екенін жасырмаймын. Бір жағынан табыстың көзі деп те айтуға болады. Осы кештің ұйымдастырылып жатқаны әуелі Алланың, сосын «Ақ маржанның» арқасы. Алла-тағаланың бойыма берген кішкентай талантын орынды пайдаланып жүрмін деп есептеймін.
— Сіздің термеші екеніңізден хабарымыз бар. Осы өнеріңізді кеш барысында көре аламызба?
— Екі терме орындауым мүмкін. Жалпы, халық алдына үш рет шығамын. Әр жолы 4-5 әннен шырқаймын. Арасында өзге де композиторлардың әні бар.
-Әзірге түсірген клипіңізді байқамадық…
— Шалқар Әбішұлы өлеңін жазған «Немерем» деген ән мен Ержан Серікбаевтың «Әдемі» деген әніне клип түсіргенбіз. Бірақ ол Ташкентте де емес, Алматыда да емес, өзіміздің Шымкентте түсірілді. Құдай қаласа, енді аяққа тұрып келе жатырмын. Бұйыртса, жоғары деңгейдегі бейнебаянымды тамашалайтын боларсыздар.
— Сіздің неше жаста екеніңізді білгім келіп отыр. Шыны керек, бастапқыда «Немерем» деген әніңізге қарап, сізді үлкен кісі екен деп қалдым…
— 1974 жылы 14 қарашада өмірге келгенмін. «Немерем» әні – менің әкемнің немересіне деген махаббатынан туған.
— Өз отбасыңыз жайлы айтсаңыз…
-Құдайға шүкір, әйелім бар. Мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Біреуден ілгері, біреуден кейін, өмір сүріп жатырмыз. Әзірге баламыз жоқ. Шымкент қаласында тұрамыз. Алматыға концертке екі-үш күн қалғанда келемін.
-Концерттің басы-қасында жүрген кімдер?
-Негізі, жүгіріп жатқан өзіміз. Сондай-ақ Шымкент қаласындағы «Барыс» студиясының продюсері Медеу Достаев көмектесуде.
-Өнер ортасына қоныс аудару ойыңызда жоқ па?
— Алматыға әркім әртүрлі жағдаймен келіп жатыр. Біреу өнерін ұштауға, енді біреу отбасылық жағдаймен дегендей… Мен әзірге Шымкенттен кету ойым да жоқ. Бірақ алдағыны Алла біледі.