– Оңтүстік жұрты өзіңізге «Тойдың королі» деген құрметті атақты әлдеқашан-ақ беріп қойған. Сіздің әніңізсіз бір той өтпейді. Әсіресе «Ақ маржансыз»… «Жұлдыз ауруына» шалдығып қалған жоқсыз ба?
– Расында, көңілді әндерді көп жазамын. Той стилінде жазылған әндердің көп екенін де жасыра алмаймын. Оның үстіне «тойға арнап жазып беріңіз» деп өтініш айтатындар көп. Біразы тойдың қызметіне жарап та жатады. Ал жаппай жазғандарымның бәрі тойдың әні емес.
Лирикалық, тақырыптық әндерім де бар. Бірақ көбіне тойға арналған әндерімнің тыңдармандары басымырақ. Әрі осы сарындағы әндерім тез танымал боп кетеді… Әркімнің пікірі, талғамы әр түрлі. Өзімді жұлдызбын деп есептемеймін де. Ол туралы халық айтсын. Қанша өзімді жақсымын деп ойласаң да, біреуге жақпай қаласың. Көптің көңілін табу, бәрінің жүрегінен орын алу деген мүмкін емес. «Жұлдыз ауруымен» ауырдым ба, ауырмадым ба, білмеймін. Қолымнан келгенше қарапайым болуға тырысамын.
– Ең алғаш термемен танылдыңыз. «Ақ маржан» әні алғаш шыққанда әннің авторын да, орындаушысын де көпшілік көпке дейін біле алмай жүрді… Сахнаға кеш шықтым деп өкінбейсіз бе?
– Терме деген насихатқа толы керемет дүние ғой. Әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеуде таптырмайтын құрал. Иә, термемен танылғаным рас. Эстрада жанрына бет бұруыма іштегі дүмпу дес бермеген болар. Әйтеуір тасада қалып кетпей, жұртшылықтың көңілінен шыққан жайымыз бар. Сахнаға кеш шыққаныма өкінбеймін. Көпшіліктің көңілінен шыққаныма ризамын. Бастысы осы шығар.
– Бұрын тойда тек өзбек әндеріне ғана билейтін. «Заттыбек шығыс әндерін тойдан қуып шықты» деген әңгіме де бар. Әндеріңіз билеуге жақсы әрине, тек кейбіреулері бірізділікке ұрынып, тым шығыстық стильдің «ауылына» қоныстанып алған жоқ па, қалай ойлайсыз?
– Енді оны тойшыл қауым өзі екшеп алар. Шын жүректен шыққан шынайы әндер халықтың көңілінен орын алады, ондай әндердің ғұмыры ұзақ болады.
– Ауылда жүріп-ақ, астананы мойындатуға болады. Өзіңіз шығармашылық орталық саналатын оңтүстік астанаға кетпеймін деп сұхбат беріп едіңіз кезінде. Айнып қалуыңызға не себеп?
– Алматыға баруды алдын ала ұйымдастырған емеспін. Алматыда шығармашылық концертімді берген кезде мен Шымкентте жүргем. Халықтың ықыласына бөлендім. «Шығармашылықпен айналысамын, халыққа берерім көп әлі» деген өнер адамдарына Алматы кең қолтық. Топырағының киелілігінен болар, осы өңірден өнерпаздар көптеп шығады. Оны өзге өңірдегілер де мойындап жатады. Бір кезде берген сұхбатымда солай деп айтқанымды мойындаймын. Бірақ мүмкіндікті пайдалану керек қой. Республикалық деңгейде жұмыс істеу үшін Алматыда мүмкіндік көп.
– Ең танымал әніңіздің клипі солғын шыққан секілді…
– «Ақ маржанға» қайта клип түсірудің керегі жоқ сияқты. Халық онсыз да қабылдады ғой ол әнді. Облыстық телеарнадан берілген ол, негізі, клип емес. Оны «Жебе» студиясы Жаңа жылға арналған бір бағдарламаға түсірген болатын. Ол кезде әннің бағының олай жанып кететінін де білген жоқпын. Режиссердің айтуы бойынша екі сағаттың ішінде түсіріле салған дүние еді. Жай ғана әуесқой түсірілім.
– Өнер адамдарының басым көпшілігі қаражаяу емес. Әнші Атхамбек Юлдашевтің ұрпақ тәрбиесіне арнап түсірген бірнеше кинолары бар. Ұлттық идея үшін, ұрпақ тәрбиесіне байланысты ұлттық бағытта қандай да бір дүние қалдыру ойыңызда бар ма?
– Әркім көрпесіне қарай көсіліп, шамасына қарай шабуы тиіс. Егер мен режиссер болатын болсам, қазақты танытатын кино түсірер едім. Ұлттық менталитетті, ұлттық болмысты насихаттайтын, үлгі алатындай кино жасаған болар ем. Алдағыны Алла біледі дейді, несібеміз артып жатса, ұлтымыз үшін не жасасақ та жарасады. «Мен осыны істеймін» деп уәде беру – ол асылық.
– Өзіңізді баймын деп есептейсіз бе?
– Аса баймын деп айта алмаймын. Рухани тұрғыдан бай шығармын. Тапқанымды өнеріме жұмсаймын, бауырларыма, ағайыныма жұмсаймын. Ауылыма жұмсаймын.
– Ауылыңыз үшін не істедіңіз?
– Ауыл үшін істейтін нәрселер көп. Мынадай іс тындырдым деп ауыз толтырып айта алмаймын. Ауызсу, мәдениет ошағы, керек-жарағы түгенделіп бітпейтін мектеп бар. Жағдайым келіп жатса, жәрдем жасар едім.
– Өнер адамдарында нағыз шарықтайтын кезі болады. Құлдырайтын, шығармашылық тоқырауға ұшырайтын кезі болады. Жасыңыз келгенде не істейсіз?
– Мен алдағыны болжағанды ұнатпаймын. Адамда ішкі мақсат, арман болуы керек. Болашағымды елестете алмаймын. Жасым келгенде де шығармашылық жолдан ауытқымайтын шығармын. Ақшамыз көбейіп, байып кетіп жатсақ, бір бизнестің тұтқасынан ұстауға болатын шығар. Ал әзірге талмай жұмыс істеу керек.
– Хит әндеріңіз көп. Кейбірін басқа әншілер орындап шықты. Кейіннен соны өзіңіз қайталап айтып жүрсіз. Халық қабылдамай қояды деп ойламайсыз ба?
– Дұрыс емес деп санаса ренжімеймін. «Жаным» деген әнімді Дінмұхаммед пен Дананың орындауында жақсы қабылдады. Жүректеріне жақын тұтты. Олар авторлық құқымды пайдаланды, әрине. Ол ән солардың орындауында танымал болды. Бекер қайталап айтқан ғой десе, өкпелемеймін. Айтпай-ақ қоя саламын.
– Тек өз әндеріңізді ғана емес, басқа авторлардың да әндерін орындап жүрсіз. Бірақ сол жаңа әндердің авторлары, мәселен, «Нартәуекел» атты әніңізді «6 ай өткенде жаздырды» деп бір автордың ренжігенін көрдім…
– Авторларға кейде түсінбеймін. Әнді береді де бір аптадан кейін мазалай бастайды. Аранжировщикке де байланысты. Тың идея керек. Әннің танымал болуы көбіне сол ән өңдеушілерге де байланысты. Жаңалап көркемдеу керек дегендей. Әнші, ән өңдеуші, әннің мәтіні бір-біріне үндессе ғана, халықтың ықыласына бөленеді. Кейде жақсы шығуы үшін осылай кешігіп жатады. Өзгенің емес, өз әндерім де кейде бір жылдан кейін жарыққа шығып жатады. Әр нәрсенің өзінің уақыты болады.
– Өзіңізді биікке көтерілуіңізге көмек қолын созған демеушілер болды ма?
– Демеушінің де демеушісі бар. Кейбіреулер өнерге шын жанашырлықпен, құрметпен демеу жасайды. Ондайларға Алланың нұры жаусын деймін. Ал кейбіреулер өз мақсатына пайдалану үшін, той-томалағында қызмет ету үшін, мақтаныш үшін демеушілік жасайды. Ол әрине өзінің пайдасы үшін ғана.
– Әншілеріміздің көбісі әндерін Ташкентте жаздырады. Өзіңіз қайда жаздырасыз?
– Өз басым өзге елде бірде-бір әнімді жаздырған емеспін. Бәрі де отандық өнім деуге болады.
– Клиптеріңіз аз ғой…
– Бірде-бір клипі жоқ әншілер де бар ғой. Бір-екі әніме түсіріп үлгердім. Оның да өзінің көрермендері табылды. Оған да шүкір. Алматыға барғаныма бір жыл енді болады. Ештен кеш жақсы дейді ғой. Сапалы бейнебаян түсірсек деген жоспар бар.
– Қазақ эстрадасының жанды жері қайсы деп ойлайсыз? Нағыз таланттар тасада қалып, жылтырақ жұлдыздар алға шығып кеткен жоқ па?
– Дұрыс сұрақ. «Кәпір болу бір пәсте, мұсылман болу әсте-әсте» дейді ғой.
Қазақ эстрадасы мүлде ақсап қалған кездері болды. Енді аяғынан тұрып келе жатыр. Қазір шүкіршілік деуге болады. Жұртшылық «әншілер жанды дауысқа көшсе, кімнің қандай әнші екені білініп қалар еді» дейді. Ондай болса әркім өз бағынан көреді. Ондай күн туып жатса, мен қарсы емеспін.
– Өзіңіз өлең жазбайсыз ба?
– Мен ақын емеспін. Бірақ төрт шумақ құрау қай қазақтың қолынан келмейді. Ондай арқа бізде де бар. Нұрлан Ташовтың әніне жазылған «Елігім еркем» деген әннің ғана сөзін жазғам. Негізі, мен мәтінге қарап ән жазамын.
– Әндеріңіз қанша тұрады?
– Әндерімді сатқан емеспін. Рақметіміз болсын десе, ол еңбегімді бағалағаны шығар. Мен мынанша тұрады деп еңбегімді сатпаймын.
– Тойға қанша сұрайсыз?
– Азаматтардың мырзалығына байланысты. Кейде тегін де барамыз…
Сұхбаттасқан – Жаннұр ЖҰМАШ