Зәке, әке атанғаныңызды естіп, қуанып жатырмыз. Кішкентайыңыздың бауы берік, дені сау болсын! Тұңғышыңызды ұзақ күтіпсіз. «Сабыр түбі – сары алтын» деген осы. Бақытты болыңыз! Нәрестеңіздің есімін қалай атадыңыздар?
Нұргүл, Аягөз ауданы, ШҚО
– Рақмет, айтқаныңыз келсін! Қызымның есімін Айзере деп өзім қойдым. Болашақта Абай атамыздың әжесіндей ақылды, парасатты ана болсын дедім. «Дәулет пенен перзенттің кештігі жоқ» дейді. Бұл сәбиді анасы екеуміз 10 жыл күттік. Айзере – Алланың бізге берген сыйы. Қызымның дүниеге келгеніне бес ай болды, қылығы шығып қалды. Алла тағала қанша бала берсе де көптік етпеймін, әр баланың өз несібесі бар. «Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деген кеңпейіл қазақтың баласымыз. Өзіңіздің де балаларыңыз аман, бауырыңыз бүтін болсын!
– Өзіңіздің атыңызды кім қойып еді?
– Есімімді Хатша апам қойыпты. Мен туылған кезде ол кісі төсек тартып ауырып жатқан екен. Алдымдағы бауырларымның бәрін сол кісі өзі тәрбиелеп бағыпты. «Мүмкін, көзімнің тірісінде көрген соңғы немерем болар, атын өзім қояйын» депті апам. Мұның мағынасын ол кісіден ешкім сұрамаған. Не де болса бәрі апамның ішінде кетті. Меніңше, «сендерге қалдырған тірі аманатым, тірі затым болсын» деп Заттыбек атаған шығар… Құдайға шүкір, апамның қойып кеткен атына кір келтіріп жүрген жоқ сияқтымын.
– Араларында бала болмағандықтан ажырасып кетіп жатқан отбасылар көп. Сіздерді ұстап тұрған не нәрсе болды? Махаббаттарыңыздың беріктігінің құпиясы неде еді?
Ақерке, Шардара ауданы, ОҚО
– Екі-үш әйел алуға шариғат рұқсат еткен. Бірақ ол ер мен әйелдің арасындағы ортақ келісімнің нәтижесінде іске асқан. Жарымыз екеуміздің арамызда ешқашан мұндай әңгіме болған емес. Бізді бір-бірімізден ажыратпаған – сезім, сенім, үміт.
– Ендеше, жарыңыз туралы айта отырсаңыз…
– Әлия – ОҚО Ордабасы ауданы Ынталы ауылының қызы. Бір үйдің тұңғышы. Мамандығы – тарих пәнінің мұғалімі. Ер-азамат түздің адамы. Оның ел арасында абыройы артып, беделге, биікке жетуі үйдегі жарына тікелей байланысты. Айтсам мақтанғандай болармын, бірақ менің осылай жүргеніме қарағанда, әйелім дұрыс шығар… Мен отбасын 27 жасымда құрғанмын. Ол кезде Әлия 20 жаста болатын. Шыны керек, жар таңдауда біраз қиналдым. Өнер жолында жүрген достарымды әйелдері үнемі қызғанып, соның кесірінен ұрыс-керіс болып жататын. Ал біз елдің ортасында жүруіміз керек. Себебі біздің несібеміз бен ырысымызды ел арасына шашып берген. «Өнеріме қолдау көрсететін жар таба аламын ба?» деп қатты толғандым. Әйтеуір, ортақ достарымыз арқылы келіншегіммен таныстым. Өзі үлкен кісінің тәрбиесін көрген екен. Мұндай қыздар жаман бола қоймас деп ойладым. Сөйтіп, уақытты көп созбай, алып қашып кеттім. Бәрі ойда-жоқта болды, келін болып түсетінін өзі де білмеді. «Туған күнге барамыз» деп алдап алып келген болатынмын. Аллаға шүкір, қазір бәрі жақсы, елдің батасын алып жүрміз.
– «Кешір мені» әніңізді келіншегіңізге арнағаныңыз рас па? Әннің мәтініндегі «жүрегімде өзің салған жара жатыр» деген сөздің мағынасын білгім келеді. Ол қандай жара?
Назгүл, Алматы
– Осы ән репертуарыма енген кезде «Заттыбек әйелімен ажырасып, 18 жасар қызбен бас қосып, Алматыға көшіп кетіпті. Осы әнді әйелінен кешірім сұрау үшін жазған екен» деген сыбысты естіп, жағамды ұстағанмын. Ал қазір мұндай әртүрлі әңгімелерге құлақ үйренді. Әннің әуені ұнағандықтан, Ержан Серікбаевтан сұрап алғанмын. Сөзін жазған – Бақытжан Ауданбаев. Мен тек әннің орындаушысымын, бұл жерде кешірімді не Ержан ағам, не Бақытжан ағам сұрап тұр.
8 комментариев
Сәлеметсизбе Заттыбек аға. Сіздін әніңізді сүйіп тындаймын, Ақтау қаласына қашан келесіз концерт беруге?
Заттыбек ага онериниз орге оссин! сиздин андеринсиз той отпейтини рас! болашакта мунды андер жазу ойынызжа жок па?
Заттыбек кышкентай бауы берык болсын Атырауга кашан келесыз ?
Заттыбек аға өнеріңізге шығармашылық табыс тілеймін. Сіздің әндеріңізді өзім әсіресе ата-анам сүйіп тындайды. Қызыңыздың бауы берік болсын. Осыдан 4 ай бұрын менде әке атанғанмын мүмкін атастырып қойып бесік құда болармыз қалай ойлайсыз??? Сізге сұрағым Батыс жұртына әсіресе Орал қаласына концерттік сапармен келу ойыңызда барма??? Алдын-ала рахмет!!!!
Заттыбек аға біздің жанұямыз сіздің өнерінізді керемет жақсы көреміз.Сіздің өленіз теледидардан боп қаса сінілдерім тұра қап билейді.Бүкіл отбасымыз сіздің өлеңдерінізді де өзініздіде өте қатты жақсы көреміз және сыйлаймыз.Әсіресе менің анам сіздің өнерінізді қатты жақсы көреді.Қызыныздың қызығын көріп қазақ жұршылығын әдемі өлеңдерінізбен қуанта берініз.Таразға қашан келесіз тағыда.Сізге тек бақыт тілеймін.
Балбөбегім әніңізді қайдан жүктеп алуға болады
Калайсыз ага, Алия женеше екеуиниз бакытты болыныздар Айзеренин артынан ере берсин, Астанага кашан концерт бересиз.
Ассалаумғалейкум, Заттыбек інім.Жанұяңа амандық, творчествоңа сәттілік тілеймін!Мен бір жасы үлкен ағаңмын,жұмысты қойғасын аздап өзім үшін өлең жазып жүрмін.Әрине,мен аты шыққан ақын емеспін.Саған жазып отырғаным менің өлеңдерімнің сарыны,үндесі сенің дауысыңа келетін секілді және сен айтып жүрген өлеңдермен үндес сияқты.Мен өлеңді атымды шығару үшін жазбаймын,оны мына шумағымнан көрерсің:
Өмірдің жолы қиын,тура келеді тас бекуге,
Жазбаймын мен өлеңді атымды паш етуге.
Жазамын мен өсиет қалдыру үшін ұрпағыма,
Көзін ашып-оятып,өмірге деген тәбетін аш етуге.
Және де басты мақсат мен үшін тіпті ақша емес,
Ең бастысы мәдениетіме елімнің қоссам үлес.
Сенімен екеуміз Фейсбукте дос болып тіркелгенбіз,соннан өлеңдерді қарауыңа болады,әрине ұнаса ғой.Фейсбуктегіден басқа да өлеңдерім жеткілікті.